ҚАЗАҚ-ТАТАР ТАРИХИ ПРОЗАСЫНДАҒЫ ҰЛТТЫҚ ТАРИХИ САНА ЖƏНЕ ТƏУЕЛСІЗДІК ИДЕЯСЫ
Аннотация
Бұл мақалада қазақ жəне татар тарихи романдарының поэтикалық
табиғаты салыстырмалы тұрғыдан талданады. Зерттеу Ілияс Есенберлиннің
«Көшпенділер» трилогиясы мен Нурихан Фаттахтың «Еділ өзені ағады»,
«Ысқырық жебелер» секілді тарихи шығармаларына негізделді. Екі автордың да
шығармашылығында ұлттық тарихи сананы жаңғырту, этникалық бастауларды
көркем пайымдау жəне тəуелсіздік идеясының көрініс табуы ортақ бағыт ретінде
қарастырылады.
Мақалада фольклорлық-мифологиялық материалдардың тарихи прозаға ену
ерекшеліктері, деректілік пен романтикалық пафостың арақатынасы, тарихи
кеңістік пен уақытты бейнелеу тəсілдері сараланды. Сондай-ақ қазақ-татар əдеби
байланыстарындағы типологиялық жақындықтар, тарихи деректердің көркем
қиялмен үйлесуі жəне ұлттық рухани құндылықтардың көркемдік
трансформациясы көрсетілді.
Зерттеу тақырыбының өзектілігі аталған жазушылардың шығармалары
ұлттық тарихтың көне кезеңдерін көркем пайымдаудағы ортақ бағыттарды,
фольклорлық-мифологиялық дəстүрдің көркемдік трансформациясын, тарихи
шындық пен романтикалық қиялдың синтезін айқын танытады. Халықтың арман-
мұраты, тəуелсіздік идеясы, этникалық тамыр, рухани сабақтастық секілді
мəселелер екі романистикада да негізгі идеялық өзекке айналған. Зерттеу
нəтижелері екі халықтың тарихи роман жанрындағы ортақ көркемдік модельдерді
қалыптастырғанын жəне түркілік тарихи жадты жаңғыртуда маңызды рөл
атқарғанын айқындайды.
