ҚОСТАНАЙ ӨҢІРІНІҢ АУМАҒЫНДАҒЫ ӨСІМДІКТЕРГЕ ЭКОЛОГИЯЛЫҚ-ГЕОГРАФИЯЛЫҚ МОНИТОРИНГ
Анотація
Мақалада Қостанай өңірінің аумағындағы өсімдіктерге жүргізілген экологиялық-географиялық мониторингтің нәтижелері ұсынылған; мақсаты - өсімдік тіндеріндегі ауыр және уытты химиялық элементтердің мөлшерін бағалау. Зерттеу нысандары ретінде антропогендік жүктеменің әртүрлі аймақтарында жиналған ауылшаруашылық және жабайы өсімдіктердің үлгілері пайдаланылды: Рудный қаласындағы тау-кен кәсіпорындарының маңында (Юбилейное), Қостанай (Московское) және Федоров аудандарының ауылшаруашылық аймақтарында, сондай-ақ Әулиекөл ауданының шартты фондық учаскелерінде (Аманқарағай, Новонежинка). Үлгілер алу үстем желдер бағытын және өнеркәсіптік шығарындылар көздерінен қашықтықты ескере отырып, радиалды схема бойынша жүзеге асырылды; әрбір нүктеде үш қайталанған алаңша салынды. Аналитикалық зерттеулер индуктивті байланысқан плазмалы оптикалық-эмиссиялық спектрометрия (ICP-OES) әдісімен жүргізілді; қорғасын, кадмий, никель, хром, мышьяк және басқа да уытты компоненттерді қоса алғанда макро-, мезо- және микроэлементтердің массалық үлестері, сондай-ақ өсімдік шикізатының күлділік көрсеткіші анықталды. Рудный қаласынан шығыс және солтүстік-шығыс бағыттарда өсімдіктердегі никель мен хромның концентрациясы фондық деңгейден 5–10 есе асатыны анықталды; бұл тау-кен өндіру және өңдеу кәсіпорындарының аумақтарынан шаң бөлшектерінің аэрозольдік тасымалдануымен байланысты. Федоров және Әулиекөл аудандары техногендік ластану белгілерінсіз экологиялық тепе-тең элементтік құрамды көрсетеді. Кеңістіктік талдау өнеркәсіптік аймақтан алыстаған сайын төмендейтін ауыр металдар мөлшерінің айқын радиалды градиентін анықтады. Алынған деректер аймақтық биогеохимиялық мониторинг үшін және аумақты қарқынды өнеркәсіптік игеру жағдайында экологиялық және азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету бойынша ұсынымдар әзірлеу үшін ғылыми негіз қалыптастырады.
