ЭКОҚАЛА ТҰЖЫРЫМДАМАСЫ НЕГІЗІНДЕ АЛМАТЫ ҚАЛАСЫНЫҢ ЭКОЛОГИЯЛЫҚ ТҰРАҚТЫЛЫҒЫН БАҒАЛАУ
Анотація
Қоғам мен табиғат арасындағы өзара байланыстың күшеюі, халық санының үздіксіз өсуі, урбандалу үдерісінің жеделдеуі және өндіргіш күштердің дамуы қазіргі заманның негізгі экологиялық мәселелерінің қалыптасуына ықпал етті. Әсіресе, соңғы бірнеше онжылдықта байқалған жедел урбандалу нәтижесінде қалалық халықтың саны айтарлықтай артты. Қазіргі уақытта әлем халқының жартысынан астамы қалаларда өмір сүреді. Соның салдарынан табиғи ресурстар мен энергияға сұраныстың артуы, қоршаған ортаның ластану деңгейінің жоғарылауы, қалдықтардың жиналуы және қалалық экожүйелерге түсетін антропогендік жүктеменің күшеюі экологиялық, экономикалық және әлеуметтік сипаттағы күрделі мәселелерді туындатуда. Сондықтан қалалар жаһандық экологиялық сын-қатерлерді еңсеру және тұрақты дамуды қамтамасыз ету жолындағы негізгі кеңістік ретінде қарастырылады. Тұрақты даму қазіргі ұрпақтың қажеттіліктерін қанағаттандырумен қатар, болашақ ұрпақтың өз қажеттіліктерін қамтамасыз ету мүмкіндігіне нұқсан келтірмейтін әлеуметтік-экономикалық және экологиялық саясаттар мен басқару тетіктерінің кешенін білдіреді. Осы тұжырымдама аясында табиғи ресурстарды ұтымды пайдалану, қоршаған ортаға түсетін жүктемені азайту, энергия тиімділігін арттыру және қауіпсіз әрі қолайлы өмір сүру ортасын қалыптастыру негізгі басымдықтар болып саналады. Осыған сәйкес экологиялық тұрақтылыққа негізделген қалалық даму моделі қазіргі заманғы қала құрылысы мен қалалық саясаттың маңызды бағыттарының біріне айналды. Экологиялық тұрақты қалаларды қалыптастыру Тұрақты даму мақсаттарына (ТДМ) қол жеткізудің ең тиімді тетіктерінің бірі ретінде қарастырылады. Экоқала тұжырымдамасы қоршаған ортаны қорғау, табиғи ресурстарды ұтымды пайдалану, жаңартылатын энергия көздерін енгізу, қалдықтарды тиімді басқару, жасыл инфрақұрылымды дамыту және тұрғындардың өмір сүру сапасын арттыру қағидаттарына негізделген тұрақты қалалық дамудың заманауи үлгісі болып табылады. Бұл модель экологиялық тұрақтылықтың, экономикалық тиімділіктің және әлеуметтік әл-ауқаттың өзара теңгерімді үйлесімділігін қамтамасыз етуге бағытталған.
