АТЫРАУ ОБЛЫСЫНДА МАЛ ШАРУАШЫЛЫҒЫН ҰЙЫМДАСТЫРУДАҒЫ ЖЕР ПАЙДАЛАНУДЫҢ АУМАҚТЫҚ САРАЛАНУЫН БАҒАЛАУ

  • Имашев Э.Ж., Искалиев Д.Ж., Өтебәлиева Б.Е., Ғалымов М.А. ЗКУ имени М.Утемисова
Ключові слова: аумақтық саралану; жер ресурстары; шабындық-жайылымдық алқаптар; табиғи мал азықтық алқаптар; жайылымдық және жайылымдық-қоралық жүйелерде ұсталатын ауыл шаруашылығы жануарлары; әкімшілік аудандар; Атырау облысы.

Анотація

Ұсынылып отырған жұмыста Атырау облысының жер ресурстарын мал шаруашылығын дамытуға арналған шабындық-жайылымдық алқаптар ретінде пайдаланудың аумақтық саралану мәселелері қарастырылды. Зерттеу нысаны ретінде жеті әкімшілік аудан мен Атырау қалалық әкімшілігі аумағының жер ресурстары және ауыл шаруашылығы жануарлары алынды. Зерттеу пәнін шабындық-жайылымдық алқаптар ауданының, ауыл шаруашылығы жануарлары санының және мал басының түліктік құрылымының кеңістіктік арақатынасы құрайды.

Зерттеудің мақсаты – әкімшілік аудандар мен қалалық әкімшілік аумағының шабындық-жайылымдық алқаптармен қамтамасыз етілу деңгейін жайылымдық және жайылымдық-қоралық жүйелерде ұсталатын ауыл шаруашылығы жануарларының саны және түліктік құрылымымен салыстыру негізінде мал шаруашылығын ұйымдастырудағы жер пайдаланудың аумақтық саралануын анықтау. Зерттеудің ақпараттық базасын 2018–2024 жылдар аралығындағы ресми статистикалық және ведомстволық деректер құрады. Зерттеу барысында статистикалық, салыстырмалы-географиялық, ретроспективалық, геоақпараттық және картографиялық әдістер, сондай-ақ аумақтарды топтастыру және саралау тәсілдері қолданылды. Жер ресурстарының ауыл шаруашылығы айналымына тартылу деңгейі, мал азықтық алқаптардың құрылымы, ауыл шаруашылығы жануарлары санының динамикасы мен түліктік құрамы, сондай-ақ мал басын шартты басқа айналдыру арқылы шабындық-жайылымдық алқаптарға түсетін жүктеме көрсеткіштері есептелді.

Зерттеу нәтижелері бойынша шабындық-жайылымдық алқаптардың ауданы 2 449,9 мың гектардан 3 073,5 мың гектарға дейін, ал олардың облыстың жалпы аумағындағы үлесі 20,6%-дан 25,9%-ға дейін артқаны анықталды. Есепке алынған ауыл шаруашылығы жануарларының саны 335,4 мыңнан 465,8 мың шартты басқа дейін немесе 38,9%-ға өскен. Бұл көрсеткіш шабындық-жайылымдық алқаптар ауданының ұлғаю қарқынынан жоғары болды. Шабындық-жайылымдық алқаптарға түсетін жүктеменің салыстырмалы түрде ең жоғары деңгейі Исатай ауданында және Атырау қалалық әкімшілігінің аумағында, ал жоғары деңгейі Құрманғазы ауданында тіркелді. Мақат ауданында аталған көрсеткіштің төмендеу үрдісі байқалды.

Зерттеудің теориялық маңыздылығы орташа облыстық көрсеткіштерде айқын көрінбейтін мал азықтық алқаптар мен ауыл шаруашылығы жануарларының аумақтық орналасуы арасындағы кеңістіктік сәйкессіздіктерді нақтылаумен айқындалады. Зерттеудің практикалық маңыздылығы мал азығы базасын дамытудың аумақтық басымдықтарын белгілеу, маусымдық мал азығы теңгерімдерін әзірлеу және шабындық-жайылымдық алқаптардың қолжетімділік деңгейін бағалау мүмкіндігімен сипатталады.

Жарияланды:
2026-09-25
Як цитувати
Имашев Э.Ж., Искалиев Д.Ж., Өтебәлиева Б.Е., Ғалымов М.А. (2026). АТЫРАУ ОБЛЫСЫНДА МАЛ ШАРУАШЫЛЫҒЫН ҰЙЫМДАСТЫРУДАҒЫ ЖЕР ПАЙДАЛАНУДЫҢ АУМАҚТЫҚ САРАЛАНУЫН БАҒАЛАУ. БҚУ хабаршысы, 103(3), 265. https://doi.org/10.37238/2960-1371.2960-138X.2026.103(3).25
Бөлім
География