ЕВРОПАДАҒЫ ТҮРКІСТАНДЫҚ ЭМИГРАЦИЯ ӨКІЛДЕРІ ЖӘНЕ ХХ Ғ. 20-30 ЖЫЛДАРЫНДАҒЫ ҚАЗАҚ БОСҚЫНДАРЫНЫҢ ТАҒДЫРЫ
Анотація
Ресейдегі билік большевиктердің қолына көшкеннен кейінгі Европаға кеткен түрік саяси эмиграциясының алғашқы толқыны сапында идеялық тұғырнамаларына орай кеңестік билікті қабыл етпеген саяси қайраткерлер, интеллигенция өкілдері болды. М. Шоқай сияқты қайраткер тұлғалар өз тарихи отанында болып жатқан әлеуметтік-экономикалық және саяси өзгерістерді жіті қадағалап отырды. Шаруашылықты кеңестік үлгіде қайта жаңғыртудың солақай тәсілдері салдарынан орын алған аштық, босқыншылық көріністері Европадағы саяси эмиграция өкілдерін әрекетке бастады. Шаруашылықты ұйымдастырудың кеңестік тәсілдеріне, күштеп ұжымдастыруға, дінге қарсы шараларға, астық және ет дайындау сияқты тонаушылық сипаттағы шаруашылық-саяси науқандар салдарынан Қазақстанның тұтас өңірлерін қамтыған халық көтерілістерінің күшпен басылуы халықтың ел ішінде және іргелес шетелдерге ағылған босқыншылығын туғызды. Қазақстанның оңтүстік және батыс өңірлерінен іргелес Өзбекстан, Қарақалпақстан, Түркіменстан, Тәжікстан арқылы алыс шетелдер Иран мен Ауғанстанға ағылған босқындар көші пайда болды. Аштық пен жазалау шараларынан жан сақтауды мұрат еткен қазақ босқындарының шекаралық әскери күштер, саяси белгілер негізінде құрылған коммунистік отрядтар және азаматтық билік орындары тарапынан қуғын-сүргінге ұшырады. Архив құжаттары мен естелік деректері босқыншылықтың ауыр зардабынан құтылу мақсатында қоныс аударушылар түрліше айла-тәсілдермен бой тасалап, кеңестік өкімет құрығынан құтылып кетуге жанталаса ұмтылды. Тәжікстан, Түркіменстанға жетіп, одан ары Иран мен Ауғанстанға өтіп кету үшін күш жинаған босқындар бейресми түйешілер артельдеріне бірігіп жүк тасымалымен айналысып, Вахш сияқты ірі құрылыстарға жалданып күн көрді. Европадағы түркістандық саяси эмиграция көшбасшылары М. Шоқай, З. Валиди және басқалар өздері өмір сүріп жатқан өкіметтер назарын, түрік босқындар барып жатқан елдер биліктері назарын ауа көшушілердің мүшкіл хәліне аударуға барынша тырысты. Түркістандық саяси эмиграцияның өкілдерінің босқыншылық апаты туралы негізгі дерек алатын арналары кеңестік баспасөз және Ауғанстанға, Иранға өтіп жатқан босқындар мен олардан келуші байланысшылардың ақпараты болды. Мәжбүрлі эмиграцияның жаппай сипаты кеңестік орталық партия-кеңес билік органдарын қоныс аударушыларды кері қайтару бойынша шаралар қабылдауға мәжбүр етті. Европадағы түркілік эмиграция өкілдерінің еңбектеріндегі және Кеңестік партиялық және атқару органдары құжаттары босқыншылық апатының мөлшерін толықтыра сараптауға мүмкіндік беретін дерек көздер ретінде бағалауға болады.
