ЖЕРДІ ҚАШЫҚТЫҚТАН ЗОНДТАУ ДЕРЕКТЕРІ НЕГІЗІНДЕ ҚАЗАҚСТАННЫҢ ОҢТҮСТІК ӨҢІРЛЕРІНДЕГІ ЖАЙЫЛЫМДЫҚ ЖЕРЛЕРДІ ГЕОАҚПАРАТТЫҚ КАРТОГРАФИЯЛАУ
Анотація
Аңдатпа. Мақалада Жерді қашықтықтан зондтау деректері, ГАЖ-талдау және далалық геоботаникалық зерттеу материалдары негізінде Қазақстанның оңтүстік өңірлеріндегі жайылымдық жерлерді геоақпараттық картографиялау нәтижелері берілген. Зерттеу нысандары ретінде табиғи-климаттық жағдайлары, топырақ-өсімдік жамылғысы, аридтілік дәрежесі және антропогендік жүктеме деңгейі әртүрлі Алматы, Жамбыл, Жетісу, Қызылорда және Түркістан облыстарының жайылымдық аумақтары қарастырылды. Зерттеудің өзектілігі жайылымдардың жай-күйін бағалау, олардың кеңістіктік таралуын нақтылау және аудандық деңгейде рұқсат етілетін жайылымдық жүктемені негіздеу үшін объективті цифрлық негіз қалыптастыру қажеттілігімен анықталады. Бастапқы материалдар ретінде облыстар мен аудандардың әкімшілік шекаралары, орташа кеңістіктік ажыратымдылықтағы спутниктік суреттер, жер пайдалану бойынша цифрлық қабаттар, визуалды-сараптамалық дешифрлеу нәтижелері, сондай-ақ өсімдіктердің түрлік құрамы, проективтік жамылғысы, шөптесін жамылғының биіктігі, өнімділігі және жайылымдық өсімдіктердің малазықтық құндылығы жөніндегі далалық деректер пайдаланылды. Әдістеме кеңістіктік деректер базасын қалыптастыруды, жайылымдық жерлерді бөліп көрсетуді, жайылымға жатпайтын нысандарды алып тастауды, өсімдіктердің биофизикалық параметрлерін есептеуді және спутниктік ақпаратты далалық зерттеу материалдарымен салыстыруды қамтыды. Тестілік полигондарды таңдау кезінде табиғи зоналардағы айырмашылықтар, шөптесін жамылғының маусымдық динамикасы және өсімдік формацияларының спектрлік біртектілігі де ескерілді. ГАЖ-өңдеу негізінде бес облыс бойынша жайылымдардың цифрлық карталары жасалып, жапырақ биомассасының дамуын, фотосинтетикалық белсенділікті және жер бетінің жасыл өсімдікпен жабылу үлесін сипаттайтын LAI, FAPAR және FCOVER көрсеткіштері бағаланды. Нәтижелер жайылымдардың жағдайында айқын өңірлік дифференциация бар екенін көрсетті: биофизикалық параметрлердің неғұрлым қолайлы мәндері Алматы және Жетісу облыстарында анықталса, Түркістан, Жамбыл және Қызылорда облыстарының жайылымдары биопродукциялық әлеуетінің салыстырмалы түрде шектеулі болуымен сипатталды. Далалық геоботаникалық зерттеулер өсімдік формацияларының типтерін нақтылауға, дешифрлеу нәтижелерін верификациялауға және тақырыптық картографиялаудың сенімділігін арттыруға мүмкіндік берді. Алынған материалдар жайылымдарды ұтымды пайдалану, жайылымдық жүктемені кеңістіктік жоспарлау, аудандық нормативтерді әзірлеу және Қазақстанның оңтүстігіндегі жайылымдық экожүйелердің деградациясын болдырмау үшін қолданылуы мүмкін.
