ҚҰРҒАҚШЫЛЫҚ ЖАҒДАЙЛАРЫНА ТОПЫРАҚТЫ БЕЙІМДЕУ ҮШІН БИОКӨМІРДІ ҚОЛДАНУДЫҢ ЭКОЛОГИЯЛЫҚ ТИІМДІЛІГІ
Анотація
Бұл мақала Оңтүстік Қазақстанның аридті климаттық жағдайындағы сұр топырақтардың су ұстау қабілеті мен экологиялық тұрақтылығын арттыру мақсатында биокөмірді экологиялық қауіпсіз мелиорант ретінде қолдану әлеуетін қарастырады. Түркістан облысында жердің деградациясы, су ресурстарының тапшылығы және топырақ құнарлылығының төмендеуі өзекті экологиялық мәселелердің бірі болып табылады. Осыған байланысты топырақ ресурстарын қалпына келтірудің тиімді әдістерін іздестіру маңызды ғылыми және практикалық мәнге ие.
Зерттеудің мақсаты - биокөмірдің сұр топырақтардың ылғал сақтау қабілетіне әсерін бағалау және оның құрғақшылық жағдайларына төзімділікті арттырудағы рөлін анықтау. Зерттеу Түркістан қаласының маңындағы «Қазақстанның 30 жылдығы» елді мекенінен алынған сұр топырақ үлгілерінде жүргізілді. Зертханалық талдау нәтижелері топырақтардың сілтілі реакциямен (pH 8,52-8,74) және органикалық заттардың салыстырмалы түрде төмен мөлшерімен (1,70-3,04 %) сипатталатынын көрсетті. Зертханалық тәжірибе төрт нұсқадан тұрды: бақылау және топырақ массасының 2, 5 және 10 %-ы мөлшерінде биокөмір енгізу. Топырақ ылғалдылығының динамикасы 30 тәулік бойы зерттелді. Мәліметтерді статистикалық өңдеу бір факторлы дисперсиялық талдау ANOVA және Tukey HSD критерийі арқылы жүргізілді.
Нәтижелер биокөмір енгізудің топырақтағы ылғал мөлшерін едәуір арттыратынын көрсетті. 30 тәуліктен кейін топырақ ылғалдылығы бақылау нұсқасымен салыстырғанда 11,9-29,8 %-ға жоғары болды. Су ұстау қабілеті мен өсімдікке қолжетімді ылғалдың ең жоғары көрсеткіштері 10 % биокөмір енгізілген нұсқада байқалды. Бұл әсер топырақ кеуектілігінің артуымен және құрылымдық қасиеттерінің жақсаруымен түсіндіріледі. Зерттеу нәтижелері биокөмірді топырақ сапасын жақсарту, жер деградациясын төмендету және агроэкожүйелердің құрғақшылыққа төзімділігін арттыру үшін қолдануға болатын перспективалы табиғатқа негізделген технология ретінде қарастыруға мүмкіндік береді
