VI ҒАСЫРДАҒЫ ТҮРІК-ВИЗАНТИЯ ҚАТЫНАСТАРЫ: ИСТЕМИ ЯБҒУДЫҢ ГЕОСАЯСАТЫ ЖӘНЕ ЖІБЕК ЖОЛЫНДАҒЫ ОДАҚТАР
Анотація
Мақалада алтыншы ғасырдың екінші жартысында Еуразия кеңістігінде Ұлы Түрік қағанатының пайда болуы жаһандық геосаяси архитектура мен халықаралық трансконтиненталдық сауда жүйесін түбегейлі өзгерткендігі негізделді.
Империяның батыс аймақтарын басқарған Истеми ябғудың сыртқы саяси стратегиясы Ұлы Жібек жолы бойындағы жібек саудасының монополиясына бақылау орнату тұрғысынан сараланды. Осы бағытта зерттеуде Көктүріктер, Византия империясы, Сасанидтік Иран және Эфталит мемлекеті арасындағы күрделі төртжақты саяси-экономикалық күрес пен дипломатиялық қатынастардың тарихи динамикасы жан-жақты талданды. Жұмыстың негізгі мақсаты — түрік сыртқы саясатының батыс векторындағы контурларын айқындау және орта ғасырлық Византия тарихшысы Менандр Протектордың жазбаша мұрасына сүйене отырып, соғдылық дипломат Маниах пен Киликиялық Земарх бастаған тарихи елшіліктердің көші-қон бағыттарын картада қайта жаңғырту болып табылады. Зерттеу барысында тарихи-салыстырмалы және деректанулық талдау әдістері, ретроспективті модельдеу және географиялық-топонимикалық далалық зерттеулердің нәтижелері кеңінен қолданылды. Мақалада Түрік-Сасанид одағының бірлескен әскери операциялары нәтижесінде Эфталит мемлекетінің күйреу алғышарттары және кейіннен шах I Хұсрау Ануширванның жібек транзитіне енгізген экономикалық шектеулеріне байланысты түрік сыртқы саясатының жаңа Византия векторына қарай бет бұруы қарастырылды. Каспий маңы, Кавказ асулары және Қара теңіз акваториясы арқылы өткен бұл трансконтиненталдық дипломатиялық байланыстардың Еуразия макроаймағындағы күштер тепе-теңдігін өзгерткені дәлелденді. Жүргізілген талдау нәтижесінде көктүріктердің жай ғана көшпелі империядан жаһандық сауда мен дипломатиялық желілердің негізгі операторына айналғандығы айғақталды.
