ТАТАР ХАЛЫҚТАРЫНЫҢ МУЗЫКАЛЫҚ ФОЛЬКЛОРЫ МЕН ҒҰРЫПТАРЫН ЗЕРТТЕУ МӘСЕЛЕЛЕРІ
Анотація
Аңдатпа. Бұл мақалада татар халқының музыкалық фольклоры мен салт-дәстүрлері этномузыкалық және этнографиялық тұрғыдан қарастырылады. Зерттеудің негізгі мақсаты – татар музыкалық мәдениетінің жанрлық ерекшеліктерін анықтап, оның түркі халықтарының, әсіресе қазақ және ноғай халықтарының дәстүрлі музыкалық мұрасымен байланысын салыстырмалы әдіс арқылы талдау. Зерттеу барысында тарихи-этнографиялық деректер, музыкалық-фольклорлық материалдар және экспедициялық жазбалар пайдаланылды.
Мақалада татарлардың тұрмыс-салт жырлары, жоқтау дәстүрлері, бесік жырлары, балалар әндері, тақмақтар, сондай-ақ үйлену және жерлеу рәсімдеріндегі музыкалық үлгілер талданады. Сонымен қатар Астрахань татарларының музыкалық фольклоры, олардың диалектілік ерекшеліктері мен ноғай-қыпшақ мәдени кеңістігімен байланысы қарастырылады. Зерттеу барысында татар әуендерінің поэтикалық-музыкалық құрылымы, ладтық және ырғақтық ерекшеліктері, орындаушылық дәстүрлері мен импровизациялық сипаты сипатталады.
Еңбекте татар хореографиялық фольклоры да қарастырылып, «Кияусы», «Акчатыр» сияқты ғұрыптық билердің мазмұны, құрылымы және әлеуметтік-мәдени қызметі талданады. Сонымен қатар мерекелік дәстүрлер, ұлттық тағамдар, шай ішу мәдениеті, үйлену рәсімдері және диаспора жағдайында сақталған этномәдени тәжірибелер сипатталады.
Зерттеу нәтижесінде татар музыкалық фольклорының көне қабаттары салт-дәстүрлік рәсімдерде сақталғаны және оның түркі халықтарының ортақ мәдени негізімен тығыз байланыста дамығаны анықталды. Сондай-ақ қазіргі жаһандану жағдайында татар музыкалық және хореографиялық мұрасын сақтау, жүйелеу және ғылыми тұрғыдан зерттеу этномузыкатану ғылымының маңызды бағыттарының бірі екендігі көрсетілді.
Сонымен, татар этностарының музыкалық фольклоры халықтың тарихи жолын, дәстүрін, дүниетанымын көрсететін маңызды мәдени мұра болып табылады. Оны зерттеу ұлттық бірегейлік пен мәдениетаралық байланыстардың қалыптасу ерекшеліктерін анықтауға мүмкіндік береді. Сонымен бірге, бұл дәстүрлерді сақтау жүйелі зерттеуді, мәдени бастамаларды қолдауды, білімді жаңа ұрпаққа жеткізуді қажет етеді.
